Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11 пайызға жоғарылады
14:08, 11 Тамыз 2010
АСТАНА. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, 2010 жылғы қаңтар-шілдесінде 2009 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11 пайызға жоғарылаған.
Оның ішінде, еліміздегі шикі мұнайды, табиғи газды, көмір және лигнитті, темір кенін өндіру біршама артты. Тамақ және мұнайды қайта өңдеу өнімдерінің, тоқыма бұйымдарының, құрылыс материалдарының, металлургия, химия өнеркәсібі және машина жасау өнімдерінің өндірісі де жоғарылаған. Агенттік мәліметтеріне сәйкес, өндірістің өсуі республикамыздың барлық өңірлерінде байқалып отыр.
Атап айтқанда, 2010 жылғы қаңтар-шілде айларында өнімнің жеке түрлерін өндіру бойынша газ конденсатын қоса алғанда мұнай өндіру 46,0 млн. тоннаға жетіп, өткен жылғы тиісті кезеңге 105,6 пайызды құраған. Сонымен бірге, есепті кезеңде 2,1 млн. тонна ұн, 1,8 млн. тонна бензин, 3,7 млн. тонна цемент өндірілген.