Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,1 пайызға жоғарылады

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда 2011 жылғы қаңтар-сәуір айлары арасында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,1 пайызға жоғарылады.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттіктің мәліметінше, 2011 жылғы қаңтар-сәуірде 2010 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда көмір, табиғи газ, шикі мұнай және металл кендерін өндіру артқан. Машина жасау өнімдерінің, құрылыс материалдары, химия және металлургия өнеркәсібі, сусындар және тамақ өнімдерінің өндірісі жоғарылады. Өндірістің өсуі республиканың 14 өңірінде байқалады. Төмендеуі Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Атап айтқанда, 2011 жылғы қаңтар-сәуірде өнімнің жеке түрлерін өндіру мұнай, газ конденсатын қосқанда, 27,1 млн. тоннаға жеткен. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 103,4 пайызға артық. Ал табиғи газ 13,5 млрд. текшеметр өндірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 108,2 пайызға жоғары көрсеткіш.