Өнеркәсіп саласындағы оң өсімге ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы ықпал етуде
13:05, 26 Желтоқсан 2013
АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Өнеркәсіп саласындағы оң өсімге ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы ықпал етуде. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, өнеркәсіп өндірісінде, тау-кен өндірісінде және өңдеу саласында оң өсім қарқыны сақталуда.
«Өнеркәсіп саласында оң өсу қарқынына қол жеткізуге негізінен ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы ықпал етуде. Осы бағдарламаның аясында 2,5 трлн. теңгеге 638 жоба жүзеге асырылды, 67 мың тұрақты жұмыс орындары құрылды. Бұл 2010-шы жылдан бергі мәлімет. Ал биылғы жылға келетін болсақ, 400 млрд. теңге сомасында 125 жоба енгізіліп, 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды», - деді Б. Сағынтаев.
Сонымен қатар, ол өнеркәсіп өндірісінің дамуына қызмет көрсетулер бағытындағы өсім байланысты екенін айта келе, 11 ай ішінде қызмет көрсетулер 7,5 пайызға артқандығын атап өтті.