Өнеркәсіптік алыптар жергілікті қамтуды арттыратын болады - Қарағанды облысы

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында жүйе құраушы компаниялардың сатып алуларындағы жергілікті қамту ұлғайтылады. Бұл мәселе тұрақты бақылауда. Биліктің «Аймақта жұмыс жасаңыздар - жергілікті тауарларды сатып алыңыздар» деген ұстанымы өзгеріссіз қалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өнеркәсіпшілер мен «АрселорМиттал Теміртау» басшылығының қатысуымен онлайн-кеңес өткізді. Кездесуде 2020 жылы жергілікті қамтуды дамыту нәтижелері мен осы жылға арналған жоспарлар талқыланды.

- Жергілікті қамтуды арттыру үшін облыс әкімдігі мен «АрселорМиттал Теміртау» арасында 2020 жылға арналған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатқа өңірдің 49 тауар өндірушісі енгізілді. Шикізаттық емес тауарлардың көлемін арттыруға баса назар аударылды. Жыл қорытындысы бойынша мұндай сатып алулар көлемі 31,2 млрд теңгені құрады - 2019 жылмен салыстырғанда 6 есе көп, - деді Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов.

Оның айтуынша, компания 34 жергілікті кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Ғалымжан Жұмасұлтанов 2021 жылға арналған Меморандумға қол қоюға дайындалып жатқанын хабарлады. Компания жергілікті тауарларды сатып алуды арттырады деп күтілуде.

Компанияның алдағы жоспарларымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин таныстырды. Ол компания шикізаттық емес секторды одан әрі қолдауға дайын екенін мәлімдеді.

- Бұл біз үшін де тиімді - жеткізілім мерзімін, өнім сапасын қысқартуға қатысты. Біз Қарағанды облысында және «Сарыарқа» АЭА алаңында жұмыс істейтін кәсіпорындармен тығыз ынтымақтасуға дайынбыз, - деп сендірді Вадим Басин.

Кездесуге қатысушылар баға белгілеуге, сатып алуды өткізудің ашықтығына, тұтынушыларға металл жеткізуге қатысты мәселелерді де талқылады.

Металлургияда сұранысқа ие болуы мүмкін өнім өндіру бойынша бірқатар жобалар таныстырылды.

- Биылғы жылы біз өзімізге жергілікті қамтуды кем дегенде екі есе ұлғайту міндетін қойып отырмыз. Бізде даму үшін барлық жағдай бар, әлеует зор. Жергілікті тауар өндірушілерді тарту мақсатында сатып алуды өткізудің барынша ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Біз жүйе құраушы компаниялардың шағын және орта бизнесті қолдауын талап етеміз. Біз үшін ең бастысы - жұмыс орындарын сақтау, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.