Өнеркәсіп пен құрылыс саласында қандай жаңа мамандықтар пайда болды

Фото: пресс-служба Satbayev University

АСТАНА. KAZINFORM — Қоғамда қол еңбегінің автоматтандырылған еңбек түрімен біртіндеп ауысуы жұмысшы мамандықтар туралы түсінікті түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкімет отырысында айтып берді.

Оның айтуынша, министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша кадрларға қажеттілік 40 мыңға жуық адам болып отыр.

— Бүгінгі күні жаңа мамандықтар атласында министрлік салалары бойынша 75 жаңа мамандық бар. Мысалы металлургия және тау-кен өндірісі саласында смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау техникасының операторы, машина жасау саласында — виртуалды реттеуші маман, құрылыста Big data талдаушысы, Ақылды үй жобалаушысы сияқты жаңа мамандықтар пайда болды, — деді Иран Шархан.

Сонымен бірге, бизнес-процестерді автоматтандыруға байланысты 40-тан астам мамандық өзгеріске ұшыраған. Биыл 190 инвестициялық жобаны іске қосу барысында машина жасауда тағы 8 жаңа мамандық пайда болады.

— Олардың қатарында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған жүйелердің операторы бар. Осылайша қол еңбегінің автоматтандырылған еңбек түрімен біртіндеп ауысуы байқалуда. Бұл қоғамдағы жұмысшы мамандықтар туралы түсінікті түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді, — деді вице-министр.

Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек адамының абырой-беделін арттыруға ерекше көңіл бөлу керектігін айтқан еді.