Аталған министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, #onerli.oren хэштегімен өткізіліп жатқан байқауда 6-18 жас аралығындағы өнерпаздар вокал (дәстүрлі, эстрадалық, академиялық), музыкалық аспапта ойнау (ішекті, пернелі, ұрмалы,үрмелі аспаптар), көркемсөз (өлең оқу шеберлері), бейнелеу жəне қолданбалы өнер жанрлары бойынша бақ сынауда. 10 сəуірде бастау алған сайысқа бүгінге дейін 500-ге жуық өтініш келіп түссе, əлеуметтік желі арқылы жас өнерпаздарды 880 000 адам тамашалады.
Осы аралықта əр жанр бойынша 3 жас ерекшелігіне (кіші, орта, үлкен) іріктелген қатысушылардың өнеріне Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері, күйші Абылай Тілепберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің əртістері Рахат Сəрсенов пен Əділет Жақиянов, ақын-аудармашы, журналист Танакөз Толқынқызы, ақын Серікзат Дүйсенғазы, əнші, сазгер Құрмаш Маханов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан қазылық етті.
Айта кетейік, аталған байқау әлеуметтік желіде жалғасып жатыр. Байқауға 6-18 жас аралығындағы кез келген өнерпаз қатыса алады. Конкурсқа қатысу үшін алдын ала сапалы түсірілген бейнежазба мен қатысушы туралы толық ақпаратты onerli.oren@mail.ru, Onerli.Oren@gmail.com электронды поштасына жолдау керек.
Байқауға қатысушы шығармасын жанды дауыста орындауы тиіс. Әр жанрдан 10 қатысушыдан топталып, бақ сынайды.