деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тұрсын Жұртбай жастарға ақыл-кеңесін айтты. Қазақ мемлекеттігінің кешегісі мен бүгіні туралы сыр шертті. Алаш зиялыларының ақталуына сіңірген еңбектері мен жазған кітаптары жөнінде әңгімеледі. Осыдан 40 жыл бұрын студенттер болып «Толқын» атты бірлестік құрып, қазақ халқының салт-дәстүрін, тілі мен дінін сақтау жөнінде мәселе көтерген жастардың бірі екенін жеткізді. Сол кезде өрелі жастар «Толқын» атты журнал шығарған. Сондықтан бүгінгі жастар да өз ортасында белсенді болуы қажет екенін алға тартты. Сөзінің соңында жазушы: «Жастар тау өзені сияқты. Өзің қайдан бастау аларыңды білмесең, қайда барып ағып кетеріңді қайдан білесің?!» деген ой тастады.
Қаржаубай Сартқожа еліміздегі жүзеге асып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жастардың қатысуымен көптеген істерді атқаруға болатынын айтты. Мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейту жолдарын ұсынды. «Өндіріс пен рухани байлықты игеріп жатқан келешектің қайраткерлерісіңдер. Сондықтан жастық шақтың жалыны алаулап тұрған кезде шығармашылық, қоғамдық істерге белсене араласуларыңыз қажет», - деді ғалым Қаржаубай Сартқожа.
Өз кезегінде Қайрат Сақ жастардың өз ортасында белсенділік танытып, шығармашылық бірлестік құруға ынта білдіріп жүргендеріне ризашылығын жеткізе келіп, «Біздің тәуелсіз мемлекетіміз жас. Қазақтың таңы енді атып келеді. Біз өресі биік, кемел ойлы жастарға сенеміз. Жастарына қарап елдің келешегін байқауға болады», деген тілегін жеткізді.
Кездесу соңында өнерлі жастар домбыра шертіп, жырлар оқып, ән шырқады.