Өңіраралық қоныс аудару бойынша Астана бірінші орында тұр

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - 2012 жылдың қаңтар-маусымында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға көшіп келгендер саны 1396 адамға яғни 8,0%-ға азайып, 16040 адамды құраған.

Бұл туралы баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаилов мәлімдеді.

Оның берген мәліметтеріне қарасақ, Қазақстаннан кеткендер саны да 597 адамға, яғни 4,6%-ға азайып, 12410 адамды құраған.

«Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттері аумағында өтуде. ТМД елдерінен келгендер 13400 адам (83,5%) болса, сол елдерге кеткендердің үлесі, 11737 адамды (94,6%) құраған екен. 2012 жылдың қаңтар-маусымында ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 3396 адамға немесе 2,0%-ға азайды және 163785 адамды құрады. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 5 өңірінде байқалды, оның ішінде мөлшері жағынан ең көбі Астана (10092 адам) және Алматы (2977 адам) қалаларында және Алматы облысында (3025 адам)», - деп атап өтті агенттіктің төрағасы.