Өңіраралық көші-қонның оң айырымы Маңғыстау, Қарағанды, Атырау облыстарында қалыптасты

АСТАНА. ҚазАқпарат -2014 жылғы қаңтар-қазанда АХАТ органдары 135,1 (141,6) мың неке қию туралы акті жазбасын ұсынды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінен хабарлады.

«Көші-қон полициясы органдары ұсынған келу/кетуді статистикалық есепке алу талондарындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2014 жылғы қаңтар-қазанда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны (көшіп-қонушылар) 2013 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 30,7 пайызға кеміп, 13 769 адамды құрады. Елімізден кеткен мигранттардың тіркелу саны 18,3 пайызға көбейіп, 24 337 адамды құрады. Көші-қонның айырымы -10568 адам болды»,-делінген комитет мәліметінде.

Атап айтқанда, еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болуда. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі, тиісінше, 88,4 пайызды және 90,1 пайызды құрады.

Қарастырылып отырған кезеңде 2013 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда ел ішінде көшіп-қонушылар саны 57 316 адамға немесе 20,5 пайызға көбейіп, 337321 адамды құрады. «Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көші-қон санының 43,8 пайызы тиесілі. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы Алматы (17 481 адам), Астана (15 528 адам), қалаларында және Маңғыстау (868 адам), Қарағанды (630 адам), Атырау (339 адам) облыстарында қалыптасты», делінген статистика мәліметтерінде