Өңірде әлеуметтік нысандар құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары қатар жүргізілуде

None
ОРАЛ. Қарашаның 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Тасқала ауданында әлеуметтік нысандар құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары қатар жүргізілуде,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиевтің айтуынша, аудан орталығында 300 оқушыға арналған 100 орындық интернаты бар үлгі жобадағы мектеп-гимназиясының құрылысы басталғалы отырса,  музыка мектебінің ғимараты қарқынды салынуда. Бұл мақсаттарға облыс әкімінің қолдауымен 286,6 млн. теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар биыл Ы.Алтынсарин, Қ.Сәтбаев, Шипов, Совхоз орта мектептерінің ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілсе,  отыз жылдан бері жөндеу көрмеген аудандық аурухана ғимараты,  Ақтау ауылының мәдениет үйі де ретке келтірілуде.

Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасына сәйкес республикалық бюджеттен  қаражат бөлініп, Тасқала ауылының солтүстік бөлігінде тағы төрт жалгерлік (коммуналдық) тұрғын үйлер бой көтерді. Сонымен қоса жергілікті бюджеттен Мереке ауылында 1 тұрғын үй салынуда. Биыл аудандық  мәслихат сессиясында Тасқала ауылының  (10 мың  тұрғынға арналған) бас жоспары  бекітілді. Сол жоспарға сәйкес жыл сайын тұрғын үй салуға тілек білдірушілердің қатары көбейетіні сөзсіз. Қазіргі таңда 300-ден астам азамат жер телімдерін алуға кезекте тұр. Осы мәселені шешу мақсатында аудан орталығының солтүстік бөлігінде 100 тұрғын үйге арналған инженерлік коммуникациялар (су, газ, электр жүйелері) орналастырылды. Сонымен бірге аудан орталығының солтүстік бөлігінде қосымша 124, метеостансы, ықшамауданында 12 тұрғын үйге арналған инженерлік коммуникация жүргізу жоспарланып, қажетті құжаттары  дайындалды.

Құрылысқа қатысты өзекті мәселелер облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімовтің қатысуымен өткен кеңесте пысықталды.