Өңірде көктемгі егіспен бірге бау-бақша шаруашылығы да қолға алынды
Биыл аудан бойынша дәнді дақылдардың егістігі 7200 гектар алқапты құрамақ. Соның ішінде 800 гектар жерге арпа, қалғанына жазғы ақ бидай егіледі. Егістіктің дені негізінен «Қайрат» ЖШС-нде. Мұнда егіс алқабы - 5100 гектар.
Аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің меңгерушісі Абзал Қаратаевтың айтуынша, «Қайрат» ЖШС көктемгі егіске тұқым қорын жеткілікті дайындап алған болатын. Ал «Жұма» және «Ертарғын» шаруа қожалықтарына жетіспейтін 250 тонна тұқым аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы арзандатылған бағамен Орал қаласынан жеткізілді. Ауданда ылғал жабу толықтай аяқталып, тұқым себу жұмыстары қарқын алды.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарынан басқа бақша өнімдерін егуге де зор көңіл бөлінуде. Аудан әкімі Рыспай Өтешевтің қолдауымен соңғы үш жылда ауылдық округтерде бақша салу жұмыстары пәрменді жүргізілуде. Биыл да 16 шаруа қожалығы 70 гектар жерге бақша егуді қолға алды. Бақша салынатын жерлердің барлығы да аудандық «Жолаушы» МКК мен «Батыссушар» РМК Жәнібек аудандық пайдалану учаскесінің қарамағындағы техниканың күшімен күзде жыртылып, көктемде қопсыту, тырмалау жұмыстары жүргізілді. Қазір бақша салатын шаруа қожалықтары өскіндерді егуге кірісті. Мысалы, Ақоба, Тау ауылдарындағы Арман Жұмақұлов, Биболат Орашев жетекшілік жасайтын шаруашылықтар жылдағыша күретамыр канал бойындағы сәйкесінше 7 және 5 гектар жерге бақша салатын болады. Сол сияқты Талов, Жақсыбай ауылдық округтеріндегі «Нұрым» (жетекшісі Ғилым Қажығалиев), «Жалын» (жетекшісі Жақсыбек Қаратаев) шаруа қожалықтары Сарыөзеннің жанындағы тиісінше 3 және 5 гектар жерге бау-бақша егіп, одан мол өнім алуға белді бекем буып отыр. Ал Жәнібек ауылынан 4 шақырым жердегі канал маңынан әрқайсысы 4 гектардан жер алған Аслан Әубекеров пен Ақылбек Жайсаңғалиев те бақша өнімдерін егуге тас-түйін даяр.