Өңірде «Мектепке жол» іс-шарасы жалғасуда
15:42, 20 Тамыз 2010
ОРАЛ. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында «Мектепке жол» іс-шарасы жалғасуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған орай Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып, оқу құралдары төмен бағамен сатылды. Чапаев ауылының 23 кәсіпкері аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қолұшын созды. Олар 58 оқушыға спорттық және мектеп киімдері, аяқкиімдер, оқу құралдарын тегін жеткізіп берді. «Мектепке жол» іс-шарасы ауданның басқа ауылдарында да өткізілді.
Аталмыш іс-шара аясында Қазталов ауданы прокуроры Руслан Сабыров аудан орталығында тұратын көп балалы Асанбай Шамұратовтың отбасына көмек берді. Аналары көз жұмғаннан кейін алты баланы екінші топтағы мүгедек әкенің өзі бағып-қағуда. Алды тоғызыншы сыныпта оқитын жеткіншектерге прокурор оқу құралдарын, азық-түлік пен тәтті сыйлықтар ұсынды.