ОРАЛ. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері прокуратура органдарының дер кезінде араласуы нәтижесінде 7 мыңнан астам жұмысшы-қызметкердің құқығы қорғалып, жұмыс берушілер 285 миллионнан астам теңге көлемінде жалақы қарыздарымен есептесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еңбек заңдылығын бұзғаны үшін 50-ден астам жұмыс беруші жауапқа тартылды. Облыстық прокуратураның басқарма бастығы Арман Мұқанбетқалиевтің айтуынша, жалақыны уақтылы төлемеу Орал қаласының «Омега» прибор жасау зауыты» АҚ, «Уральскводстрой» АҚ, «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ сынды ірі кәсіпорындарында орын алды. Аталған ұжым басшыларының түсіндіруінше, бұл тапсырыс берушілердің дайын өнімдер үшін уақтылы есептеспеуіне байланысты болды. Сол секілді Бөрлі ауданы кәсіпорындары бойынша төленбеген жалақы көлемі 14 млн. теңгені құрады. Сондай-ақ қызметкерлермен жасалған келісімшарт талаптарын сақтамау да кездеседі. Мұндай жағдай «Диана Плюс» ЖШС-да бірнеше рет ұшырасты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).