Өңірде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы 84 млн. теңгеге бағаланып отыр
Бұл қаржы мамандардың пікірінше, 700 адамды осы бағдарламаның аясында жұмысқа тартуға жетіп-артылатын көрінеді.
Қазір алдын ала жасалған жоспар бойынша 147 мекемемен келісімшарт жасалып, оларға 509 адамның орналасуы қамтамасыз етілді. Оларға 24,1 млн. теңге еңбекақы төленді. Бұл бағдарламаға негізінен орта, жоғары оқу орындарын бітіріп, кәсіби мамандық алған, алайда жұмыссыз жүрген жастар тартылуы тиіс. Олар келісімшарт негізінде еңбек етіп, тәжірибе жинақтайды, өз кәсібінің қыр-сырына қанығады. Алты ай еңбек еткен оларға мемлекеттік бюджет есебінен белгілі бір мөлшерде еңбекақы төленеді.
Кейінгі тәжірибе көрсетіп жүргеніндей, алғашқы еңбек жолдарын осылай бастаған көп жастар өз мамандықтарына сай қызметке орналасып кетеді. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында өзіне жұмыс іздейтіндердің көпшілігі заңгер, есепші, эколог, мұғалім, экономист, инженер-гидротехник, бағдарламашы болып келеді. Осы мамандықты көп қажет ететін мектептер мен түрлі салалық мекемелер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен алдын ала келісімшартқа отырып, өздеріне қажетті мамандық иелерін жұмысқа тартады.
- Бұл екі жаққа да тиімді,- дейді бөлім бастығының орынбасары Жәми Жаниязов. - Жастар тәжірибе жинақтап, маманданады. Әрі еңбекақы алады. Ал мекеме өзінің айлық қорын үнемдейді, әрі оқу орнын енді бітірген жасты мамандыққа баулиды.