Өңірде «Жол картасына» сәйкес жұмыстар атқарылуда
18:01, 13 Мамыр 2009
ОРАЛ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында «Жол картасына» сәйкес жұмыстар атқарылуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жәнібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі Жанар Қощанованың айтуынша, «Жол картасына» аталған аудан бойынша үш нысан кіріп отыр. Атап айтқанда, №1 орта мектеп №9 кәсіптік лицейді, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Осы мақсатқа 108 млн. теңге бөлініп, 239 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Бұл жұмыс орындарының 80 пайызына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі есебіндегі жұмыссыздар қабылданбақ.
Елбасы Жолдауына сәйкес әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға да ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағдарламаға сәйкес 18 млн. 862 мың теңге бөлініп, соның 1 млн. 798 мыңы жастар тәжірибесін ұйымдастыруға қарастырылған. Сондай-ақ ауданда 168 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылса, 56 адам кәсіптік оқуға жіберілді. Қаржылық дағдарысқа байланысты өндірісті тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау бағытында өзара ынтымақтастық туралы 13 меморандумға қол қойылды.