Кездесуде достық пен келісімді нығайту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы 30 этомәдени бірлестіктерге 700 мың теңгеден грант берді.
«Бұл гранттар мемлекеттік және ана тілдерін оқып-үйренуге, ұлттық киімдер тіккізуге, ұлттық музыкалық аспаптарын алуға, қазақстандық патриотизмге, төзімділікке, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға арналған», - деп қадап айтты облыс әкімі.
Сонымен қатар облыстық Ассамблеяның мүшелері, этномәдени бірлестік басшылары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және алғыс хаттарымен, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медальдарымен марапатталды.
«Қазақстан халқының бірлігі тәуелсіздік алғаннан бергі біздің қол жеткізген ең басты байлығымыз болып табылады. Мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінің бастапқы жылдарында-ақ ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы өзара сенімі, барлығының заң алдындағы теңдігі болмайынша, мемлекетіміз де өсіп-өркендемейді, демек қарапайым адамдардың бақытты өмірі де болмайды» деп атап айтқан болатын. Бұл сөздердің әділеттілігін өмірдің өзі дәлелдеп берді», - деді облыс әкімі.
«Этносаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін облыстық бірлестіктердің 4 басшысы ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, біреуі «Құрмет» орденімен, облыстық ЭМБ басшылары «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерейтойлық медалімен, Қазақстан Республикасының, Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамоталарымен марапатталды», - деп атап өтті өңір басшысы.