Өңірлер азықтық дақылдарға бөлінген субсидияны мүлдем пайдаланбайды - АШМ

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Өңірлер азықтық дақылдарға бөлінген субсидияны мүлдем пайдаланбайды.

Бұл туралы бүгін мал азығын өндіру мәселесіне арналған кеңейтілген алқа отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.

Оның атап өтуінше, министрлік бірінші кезекте облыстардың өтінімдері бойынша азықтық дақылдарға субсидияларды толық көлемде бөліп отыр. Дегенмен біржылдық және көпжылдық шөпке бөлінген субсидияны облыстар тұқым өндірісінің жеткіліксіздігі салдарынан пайдаланбайды. «Сондықтан да бұл ақшаны басқа дақылдарға қайта бөлуге тура келеді. Іс жүзінде жергілікті бюджет қаржысынан азықтық дақылдардың бірінші, екінші және үшінді репродукциялық тұқымына субсидия бөлінбейді», - деді ол.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, әлі күнге дейін өндірісте азықтық дақылдардың ескірген тұқымы пайдаланылып келеді. Мәселен, Павлодар облысында 1954 жылы пайдалануға енгізілген Бродская-2 деп аталатын судан шөбінің тұқымы себілсе, Солтүстік Қазақстан облысында 1972 жылғы Крупносемянный-1 сұрыпы қолданылуда.

Г. Исаева ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін пайдалану қажеттігін атап өтті. «Ғылыми-зерттеу институттарының әлеуеті жеткілікті пайдаланылмайды»,- деп атап өткен вице-министр бұл ретте Бараев атындағы ғылыми-зерттеу институтында азықтық дақылдар сұрыпын көбейтумен айналысуға болар еді деген пікірін ортаға салды.