Өңірлерде тұрғын үй инспекцияларын құруды жеделдету қажет - А. Өтегенов

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Республика өңірлерінде тұрғын үй инспекцияларын құруды жеделдету қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат Аманқос Өтегенов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында депутат А. Өтегенов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің баяндамасына тоқтала отырып, көппәтерлі тұрғын үйлердегі аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік тұрғын үй көмегін көрсетудегі негізгі проблемаларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, былтырғы жылы құрылыс саласындағы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, тұрғын үй көмегі есебінен жүргізілетін ортақ мүлікті жөндеуге арналған шығыстар сметасын ең алдымен тұрғын үй инспекциясы бекітуі қажет екен. «Былтыр қабылданған заңда ортақ мүлікті пайдалануды тексеру тәртібі, ондай тексерулерге қатысушылардың құқықтары мен міндеттері анық әрі нақты жазылған. Бұндай қызметтерді өңір әкімдіктері жанынан құрылатын тұрғын үй инспекциясы атқаратыны да «тайға таңба басқандай» көрсетілген. Бірақ, қазіргі күні бұндай тұрғын үй инспекторлары тек Астана қаласында ғана бар екен», деді А. Өтегенов. Осыған орай, депутат көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты мемлекеттік тұрғын үй көмегін беру үшін, алдымен тұрғын үй инспекторлары болуы тиістігін алға тарты. «Оларсыз мемлекеттік көмек игерілмейді. Сондықтан да, өңір әкімдеріне жедел түрде тұрғын үй инспекциясын құруды тапсыру керек», деді ол.