Өңірлердегі 8 театрға күрделі жөндеу жүргізу қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта еліміз аймақтарында 8 театрға күрделі жөндеу жүргізу күнтәртібінде тұр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде театрлар және мұражайлар мәселесіне арналған брифингте мәлім болды.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2014 жылғы 1 қыркүйектегі ақпарат бойынша Қазақстанда 52 мемлекеттік театр бар. Оның ішінде 9-ы республикалық және 43-і өңірлік болып табылады. Бұлардың үшеуі опера және балет, 24-і драмалық, 8-і музыкалық, үшеуі музыкалық комедия, біреуі жастар, екеуі әзіл-сықақ, 7-сі қуыршақ және 4-і балалар мен жасөспірімдер театрлары болып бөлінеді.

«Тәуелсіздік алғалы бері 19 жаңа театр ашылып, Астана, Орал, Қарағанды және Қостанайдағы төртеуіне жаңа ғимарат салынды. 2013 жылы еліміздің 54 театрымен қойылған 1 368 қойылымның 831-і ересектерге арналса, 537-сі - балаларға арналған қойылымдар. Соңғы төрт жылда театрларда көрсетілген 48 мыңнан астам қойылымның 1 225-і - жаңа қойлымдар», - делінген министрлік деректерінде.

Соңғы үш жылда 170-тен астам қазақстандық өнер қайраткерлері әлемнің үздік залдарында шетелдік тағылымдамадан өтті.