Еске сала кетейік, ұлттық комиссия отырысында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру бойынша Ақмола облыстық әкімдігінің қабылдап жатқан шаралары талқыланған болатын.
«Біздің комиссияның бірден бір мақсаты - жергілікті жерлердегі, соның ішінде облыстық комиссиялардың жұмысын жандандыру болып табылады. Бұл бір жағынан қазір елімізде белсенділігі арта түскен өзін-өзі басқарудың бір үлгісі болса, екінші жағынан нәзікжанды белсенділерді жергілікті проблемаларды шешуге тарту қоғам мен билік арасындағы байланысты тереңдете алады дер едім. Бұл жергілікті проблемалардың оң шешім табуына да игі ықпал етеді», - деді Ләззат Сүлеймен журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, нәзік жандылардың экономикалық және саяси белсенділігін арттыру, оларды қоғам ісіне араластыру бағытында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның әлеуеті зор. Бұдан бөлек, қоғамдағы отбасы, әйелдер мен балалардың мүдделерін қорғау мәселелері аясында өзекті әлеуметтік проблемаларды шешу үшін комисся нақты жұмыстар атқаруы қажет.
«Әсіресе, әйелдердің денсаулығы мен оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуда көптеген шаралар қабылдануы керек. Ал өңірдегі комиссиялар осы мақсатты көздеп, нақты бағыттармен жұмыс жасайтын болса, онда қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алуға болатын еді деп есептейміз. Бұл үшін де ең алдымен өңірлік комиссиялардың рөлін арттыру керек», - деді Л. Сүлеймен.