«Өңірлерді дамыту жұмыстары арасында да теңсіздік қысқармай, керісінше ұлғайып отыр. Өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге халықтың өмір сүру жағдайын және бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіруге бағытталған кешенді өңірлік саясат қалыптасқан жоқ. Оның үстіне, өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында басымдыққа ие өңірлер экономикасының нақты секторын дамытуға емес, оған байланысты процестерге берілген», - деді ол 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуын талқылау барысында.
Оның сөзіне қарағанда, аталған бағдарламаға жүргізілген талдауға сәйкес, бөлінетін қаржының 95 пайызына жуығы инфрақұрылым, коммуналдық мәселелерге қатысты бағытталып отыр. Ал өңірлерді нақты дамыту мәселесінде тиісті қадамдар тыс қалып отыр. Бұл тұрғыда жауапты министрліктерді бақылауға алуы керек.
Бұдан бөлек ол квазимемлекеттік секторға тоқтала келе, бұл саладағы шығындар әлеуметтік-экономикалық қайтарымнан едәуір асып кеткенін жеткізді.
«Субъектілердің меншігінде қалып отырған таза кіріс бөлігін пайдаланудың нақты тетіктері мен мақсаттары олардың нәтижелілігі мен субъектінің қаржылық дербестігіне әсері айқындалмаған. Бұл ретте қолданыстағы заңнама дивиденттердің мөлшерлерін белгілеумен немесе оларды төлемнен босатумен, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны дамытуға және жетілдіруге арналған таза кіріс бөлігінің пайдаланылуы бойынша шарттармен ғана шектеліп отыр. Оның үсітіне, акциялардың мемлекеттік пакетіне дивиденттер есептеу бөлігінде бірізділіктің болмауы - акционер ретінде мемлекет мүдделерін білдіретін меморгандардың акцияларға дивиденттерді есептеу туралы шешімдер қабылдауда әртүрлі тәсілдерді қолдануға әкеп соқтыруда», - деді Н. Нұржанов.