Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарау керек – Мемлекет басшысы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тетігін енгізу керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді», - деді Президент.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы олардың меншік базасын едәуір кеңейту қажет екенін атап өтті. Олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады.

«Олай болмаған жағдайда, бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе болып шығады. Осыған байланысты қажетті дайындық жұмыстарының бәрін биылғы жылдың ортасына дейін аяқтау керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.