Өңірлік даму министрі Б. Жәмішев Алматының «G-4 City» серіктес қалалары нысандарының құрылысын қарап шықты
Күннің бірінші жартысында министр Өңірлік даму министрлігінің ведомствоға бағынысты кәсіпорны «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ-да болды. Осы институт ғимараттар мен құрылыстардың қауіпсіздігі мен сенімділігі, сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді.
Одан кейін Болат Жәмішев Өңірлік даму министрлігінің келесі ведомствоға бағынысты кәсіпорны «Қазақ Суарнажоба» АҚ-ның, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің жұмысымен танысты. Бүгінгі күні «Қазақ Суарнажоба» АҚ сумен жабдықтаудың, су бұрудың инженерлік жүйелері мен нысандарын, олармен байланысты елді мекендердің гидротехникалық құрылыстарын және күрделілік деңгейі әр түрлі өнеркәсіптік кәсіпорындарды жобалау, сондай-ақ жылумен жабдықтаудың инженерлік жүйелерін және т.б. жобалау жөніндегі мәселелерді белсенді түрде пысықтап жатыр.
Одан әрі министр Өңірлік даму министрлігінің ведомствоға бағынысты кәсіпорны «Мемлекеттік сараптау» РМК Оңтүстік филиалының қызметімен танысты, онда қала құрылысын жоспарлау, аумақтарды дамыту және оларда энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау, магистральдық көлік, байланыс, коммуникация, коммуналдық-тұрғын үй шаруашылығы және басқа тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды қоса алғанда, құрылыс салу, әлеуметтік, өндірістік, инженерлік және көліктік инфрақұрылым объектілерін салу жобаларына кешенді бағалау жүргізіледі.
Одан кейін Болат Жәмішев «Премьера», «Елисейские поля» және «Асыл арман» тұрғын үй кешендерінің нысандары құрылысының барысымен танысты.
Күннің екінші жартысында министр Алматы қаласының «Алғабас» шағын ауданына барып, «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасының шеңберінде салынып жатқан үйлердің құрылысы барысымен танысты. Осында Б. Жәмішев Алматыда Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты, бұдан басқа «Ақ бұлақ» бағдарламасының шеңберінде қаланы сумен жабдықтау және су бұру мәселелері талқыланды.
Іле ауданында Болат Жәмішев Алматы облысының Первомайка кентінде Алматының «G-4 City» серіктес қалалары нысандарының құрылысын қарап шықты.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Өңірлік даму министрі Алматы облысының әкімдігіне «Премьера», «Елисейские поля» және «Асыл арман» тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан басқа, әкімдік өңірде Талдықорған қаласында Оңтүстік-Батыс шағын аудандарының инфрақұрылымын салу бойынша жұмыстарды ұйымдастырып, жүргізуі қажет.