Өңірлік даму министрлігі тұрғын үйлерге толық терможаңғырту жүргізуге халықты ынталандыру тетіктерін пысықтауда

АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - Өңірлік даму министрлігі тұрғын үйлерге толық терможаңғырту жүргізуге халықты ынталандыру тетіктерін пысықтауда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

«Бүгінгі күні өңірлерді дамыту жөніндегі бірыңғай бағдарламаны әзірлеу аясында министрлік тұрғын үйлерге толық терможаңғырту жүргізуге халықты ынталандыру тетіктерін пысықтап жатыр. Энергия тиімділігінің қол жеткізілген дәрежесіне байланысты субсидиялар бөлу көзделіп отыр», - деді ол.

Қ. Өскенбаевтың атап өтуінше, Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында терможаңғырту элементтерімен тұрғын үйлерді жөндеу жүргізілуде. Оның нәтижесінде жылу энергиясын 30 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізілуі тиіс.