Бұл туралы бүгін «Интеллектуалды көшбасшы:Қазақстан дамуының жаңа кезеңі» атты тақырыпта өткен халықаралық конференцияда Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов мәлім етті.
Сөз арасында Әлихан Байменов ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленіп жатқанын атап өтті.
«Онда тың зерттеулерге қолдау білдіріп, оларды ынталандыру мәселесі де қамтылып отыр. Ең бастысы жас ғалым-мамандарды қолдауға, олардың зерттеулерін ынталандыруға бағытталған бірқатар шараларды жоспарлаймыз. Соның ішінде біз мемлекеттік қызмет саласындағы проблемаларға арналған үздік стратегияларға байқау жариялағымыз келеді. Соған байланысты халықаралық журналдар талаптарына сәйкес деп танылған мақалаларды Өңірлік хаб журналында жариялайтын боламыз. Оларды Хабтың журналына ғана емес, халықаралық журналдарға да шығаруға тырысамыз. Сондықтан да, барлықтарыңызды осыған белсенді қатысуға шақырамын», - деді Ә. Байменов.
Конференция барысында академия докторанттары мемлекеттік басқару саласындағы ғылыми зерттеулердің заманауи әдістері туралы баяндамалар жасады. Сонымен қатар, Қазақстанда ақпараттық қоғам құрудағы ақпараттық технологиялардың атқаратын рөлі туралы әңгіме қозғалды.