Өңірлік хабты құру - Қазақстанның аса маңызды бастамасының бірі болып табылады - БҰҰ өкілі С. Тулл
Бүгін Астанада Мемлекеттік қызмет саласында Өңірлік хабтың құрылтай конференциясында сөз сөйлеген БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі және БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Стивен Тулл осылай мәлім етті. Еске салсақ, Өңірлік хабтың алқалы жиынын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесе ұйымдастырған болатын.
Сөз арасында Стивен Тулл мырза Қазақстан тарапы қолдау білдірген Өңірлік хабтың БҰҰ Даму бағдарламасы мен мемлекеттік қызмет істері агенттігі арасындағы ұзақ мерзімді жобасы екенін жеткізді. «Соңғы жылдары аталмыш хаб аясында Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов қажырлы еңбек етті, көптеген қолдауларға ие болды. Бүгінгі күні 22-ден астам мемлекет өкілдері мен бірқатар халықаралық ұйымдардың басқосуға қатысуы да соның айғағы. Жалпы, бұл халықаралық бастамаға қызығушылық та артып, жоба өз мақсатына жету үстінде. Бұл мен үшін де маңызды. Сондықтан да, Астанада жайғасатын осынау Өңірлік хабтың әлеуеті зор болады деп санаймыз әрі ол Орталық Азия аймағында ғана емес көптеген өңірлерде де халық пен мемлекетке қызмет етудегі тиімділігін танытатынына сенім мол», - деді С. Тулл.
Сонымен қатар, мәртебелі мейман конференцияға байланысты Елбасы Н. Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатына назар аудара келе, мемлекеттік қызмет реформасын ілгерілете отырып Қазақстан Үкіметі аймақта көшбасшы рөл атқарып отырғанын жеткізді.