Өңірлік іскер әйелдер кеңесі аясында кәсіби қауымдастықтар құрыла бастады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында «Әйел және бизнес - ашық диалог» атты бизнес форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздегі іскер әйелдер кеңесінің төрайымы әрі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы президиумының хатшысы Ләззат Рамазанованың қатысуымен өткен басқосуда бизнесвумендер кәсіптерінде кездескен проблемалық мәселелерін көтеріп, табыс табудың жолдарын талқылады.

Облыстың барлық қала-аудандарынан келген 100-ге жуық қыз-келіншек бизнесті жүргізу үшін қандай жағдайлар жасалып отырғандығын біліп, өзара тәжірибе алмасты. Өз армандарын жүзеге асыру үшін не қажет деген сауалға жауап іздеп, заңдық тұрғыда кеңестер алды.

«Бізге тек жұмыс жасау қажет, тәжірибе жинақтап, қиындықтардан қорықпауымыз керек. Біздің мақсатымыз - мыңдаған әйелдер өз армандарын жүзеге асыруға көмектесу және біздің еліміздегі гендерлік саясаттың шынымен жұмыс істейтінін көрсету болып табылады», - деді ҚР «Атамекен» ҰКП іскер әйелдер кеңесі төрайымы Лаззат Рамазанова.

Жиынға қатысқандардың пікірінше, қазіргі таңда қаржыландырудың аздығы, несиенің қолжетімсіздігі және бизнес құзыреттілігінің жеткіліксіздігі кәсіп ашуға қолбайлау болып отыр. Осы сынды өзекті проблемаларды шешу үшін өңірлердегі іскер әйелдер кеңестерінің аясында кәсіби қауымдастықтар мен кеңестер құрыла бастаған.

«Біздің басты мақсатымыз - кәсіби стандарттарды нақты белгілеу. Осы кәсіби стандарттарды енгізу арқылы біз өзіміздің ашық бәсекеге шығуымызды және өз тауарларымызды, өз қызметтерімізді жоғары деңгейлерде көрсетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз», - дейді Ләззат Рамазанова.