Өңірлік қаржы орталығын құру толық көлемде жүзеге асып жатқан жоқ - Д. Сәрсенов

АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан қор биржасының институттық дамуында көптеген мәселелер бар.

Бұл туралы бүгін "Еуразия" сақтандыру компаниясы" АҚ-ның Алматыдағы алғашқы қазақстандық пресс-туры кезінде айтылды.

"Қазақстан өңірлік қаржы орталығын құру толық көлемде жүзеге аспауда. Әлі күнге дейін толыққанды қор биржасы құрылған жоқ. Ондағы басты мәселелер мыналар: Бірінші - өтімділіктің төмендігі, екінші - эмитенттер санының аздығы, үшінші - қаржы құралдары сапасының төмендігі, төртінші - халықтың инвестициялық сауатының аздығы, бесінші -қазақстандық кәсіпорындардың корпоративтік стратегиясының төмендігі. Қазір біз кәсіпорындарда көптеген дефольттарды көріп отырмыз. Бұл негізінен ондағы қаржылық талдаудың әлсіздігінен орын алуда", дейді "Еуразия" сақтандыру компаниясы" АҚ-ның Активтерді басқару департаментінің директоры Диас Сәрсенов.

Оның айтуынша, кәсіпорындар кәсіби мамандарға тапшы немесе оған қаржы жұмсауда сараңдық танытады. Ал әрбір дефольт сайын инвесторлардың қор биржасына деген сенімі азайып келе жатыр. Сондықтан таяудағы 5 жылдың ішінде Қазақстан қор биржасының дамуы қиын.