Бүгін «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту - өңірлердің орнықты дамуының қажетті шарты» атты халықаралық конференция барысында Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттер өздеріндегі мемлекеттік басқару және жүзеге асыру бағдарламаларына гендерлік құрам мәселесін қосу туралы міндеттемелер алған болатын. Сондықтан да, ұйымға қатысушы елдер үшін мемлекеттің заң шығару билігіне және басқару деңгейлерінде нәзік жандылардың қатысуын арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Ал бұл үшін ең алдымен өңірлік жергілікті өзін-өзі басқарулардағы әйелдердің араласуына да үлкен мән берген орынды», деді Ж. Клетцер.
Сонымен бірге, Қазақстанда тең құқықтар мен бірдей мүмкіндіктер туралы негізгі заң қабылданғанына тоқталған ЕҚЫҰ өкілі, бұл норманың жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде қалай қолданылып жатқанына назар аудару қажеттігін айтты.
«Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнаманы жетілдіру және оның орындалу тетіктерін дамыту тұрғысында әкімдіктер мен мәслихаттарда, жалпы өңірлердегі басшылық орындарда әйел затының қатысу үлесін артыру туралы шараны да қамтыған орынды деп білеміз», деді Ж. Клетцер.
Сонымен бірге, ол Қазақстанда азаматтық, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын одан әрі дамыту жолдары жетілдіріліп отырғанына ризашылығын айта келе, бұл тұрғыда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысындағы ұстанымын да еске салды.