Онкологиялық патология Қазақстанда адам өліміне себеп болып отырған басты мәселелердің бірі - С.Қайырбекова

ТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Рак ауруы Қазақстанның да денсаулық сақтау саласы үшін өзекті болып отыр. Қазақстанда онкологиялық патология адам өліміне себеп болып отырған екінші кезектегі мәселе. Бұл туралы бүгін Республикалық аудандық онколог мамандардың семинар-кеңесінде Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан үкіметі онкологиялық аурулары мен осы індеттің салдарынан мертігу жағдайларына барынша көңіл бөліп отыр. «Денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында денсаулық сақтау саласын жаңа сапалы деңгейге көтеру арқылы тұрғындардың денсаулық жағдайларын нығайту жөнінде міндет қойылған. Осы құжаттың басым бағыттарының бірі елдегі онкологиялық аурулардың санын кеміту болып табылады. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар құжаттар қабылдап, тиісті шаралар қолдануда»,-деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, онкологиялық індеттердің алдын алу үшін бірінші арнайы мамандандырылған медициналық көмекті сатылап жетілдіру керек. Оның ішінде жоғары технологиялы қызметтер де назардан тыс қалмауы тиіс. «Сондай-ақ тұрғындарға бірінші кезекте көмек көрсететін, яғни алғашқы медициналық-санитарлық көмек шараларын нығайту керек. Әрине, бұл бағытта ең маңызды міндет онколог мамандардың өздеріне жүктеледі. Себебі олар тұрғындарға онкологиялық қызмет көрсететін басты қызметкерлер»,-деді С.Қайырбекова.

Оның Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері, негізінде келтірген деректеріне қарағанда, қазіргі таңда рак адам өлімі мен ауру түрлерінің тарауына ең көп себепші болып отырған індеттердің бірі. Жыл сайын әлем бойынша, рак ауруының 10 миллионнан астам түрі тіркеледі. Ал Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2020 жылға қарай рак ауруларының түрлері жылына 15 миллионға жетеді.