Онлайн-алаяқтық: тұрғындар пәтерлері мен көліктерінен айырылып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Елімізде онлайн-алаяқтықтың жаңа тәсілі белең алып барады. Қылмыскерлерлер халықтың баспанасына ауыз салды.
Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Елена Игнатенконың айтуынша, онлайн-алаяқтардан зардап шегіп, баспанасынан, көлігінен айырылу фактілері Алматыда, Рудныйда, Петропавлда тіркелген.
- Алаяқ хабарласып, «сіздің көлігіңізді немесе пәтеріңізді сатайын деп жатыр» дейді. Сосын сатылатын баспана туралы сайтқа кіріп, көз жеткізуді сұрайды. Әрине, алдын ала ол жерге хабарландыру орналастырылады. Сосын бұл сатып алу жүзеге аспауы үшін «жалған мәміле» жасау керектігі айтылады. Пәтер иесі келіседі, өз аяғымен нотариусқа барып, қолын қояды. Тіпті кей жағдайда зардап шегушіге «бұл құпия операция, қылмыскерлерді ұстау үшін ешкімге айтпауыңыз керек» деп қолхат алған кездер де болған. Кейін алаяқтар сезіктенбеуі үшін оны сыйлық ретінде безендіріп, «құқық қорғау органы қызметкеріне» немесе тағы басқа қызмет «өкілдеріне» береді, - дейді Елена Игнатенко.
Адвокаттың айтуынша, оған Петропавлда ғана осылайша баспанасынан айырылған үш адам көмек сұрап келген.
- Біреуі осы оқиғадан кейін депрессияға түсіп, басқа қалаға қызына кетті. Барлығына қолын сілтеп, тезірек ұмытқысы келеді, бұл іспен айналыспайтынын айтты. Екіншісі – облыс орталығындағы педагогтердің бірі. Ол да осы тәсіл бойынша алаяқтардың құрығына түсіп, екі баспанасынан айырылды. Әйел «жалған мәміле» жасағаннан кейін, алаяқтардың айтуы бойынша ақшаны қорапқа салған, әдемілеп безендіріп, қағазға орап, сыртына ойыншық қонжықты байлаған. Сосын ол қорапты курьерге берген. Ал пәтерлер бірден сатылымға шығарылған. Оның біреуін қайтару мүмкін болды. Ал екіншісін заңды тұлғалар сатып алған екен, олар әйелге қайтыс болғанша дейін тұруға рұқсат берді, - дейді Елена Игнатенко.
Қорғаушының айтуынша, курьерді, жас жігітті пәтердің ақшасы салынған қораппен Астанада ұстады. Ол қораптың ішінде не болғанын білмеген, сыйлық апара жатырмын деп ойлаған.
- Бұл да алаяқтардың бір тәсілі. Курьерлерді өздерінің қылмысына тарту. Біреуге сыйлық апара жатырмын деп ойлайды.
Ал Рудныйда әйел 200 млн теңгесінен айырылды. Ол бес күн бойы қылмыскерлердің психологиялық қысымында болған, - дейді адвокат.
Бұған дейін Петропавлда алаяқтардан зардап шеккен 66 жастағы әйелдің 27 млн теңгесін полицейлердің қайтарып алуға көмектескенін жазған едік.
Сондай-ақ, онлайн-алаяқтардан алданған жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін адвокат айтып берді.