Онлайн-экскурсиялар: Қандай музейлерді үйден шықпай тамашалауға болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 3D форматында экскурсия ұсынатын еліміздегі музейлер мен ескі қалашықтарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда Бозоқ, Сарайшық, Сауран және Отырар қалашықтары, сондай-ақ Берел және Есік қорғандары сияқты тарихи-мәдени орындарға, музейлер мен музей-қорықтарға онлайн режимже экскурсия жасауға болады. Аталмыш орындардың сайттарында 3D форматындағы экскурсия, онлайн-серуен режимі, сондай-ақ бейнероликтер, бейнеэкскурсиялар, онлайн дәрістер, бейнесабақтар және тағы басқа іс-шараларқамтылған», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша мәселен, музей-қорықтар қысқа уақыттың ішінде 100 мыңнан астам адамды қамтитын 150-ден астам онлайн-шара өткізіп үлгерген.

«Ерекше тоқталатын жобалардың бірі - Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер галереясы әзірлеген есту қабілеті бұзылған азаматтарға арналған арнайы бейнеэкскурсиялар. Бұл шара еліміздегі 18 мыңнан астам есту қабілеті бұзылған адам үшін керемет мүмкіндік тудырды десек те болады. Сондай-ақ, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да тек карантин кезінің өзінде 25-тен астам шығарманы әлеуметтік желілерге орналастырды. Брайль шрифті бойынша 130-дан астам кітап, аудиокітап, соның ішінде Ұлы Абайдың шығармаларын таратты», - дейді министр.

Сонымен қатар елімізде балаларға арналған «Өнерлі өрен» республикалық онлайн конкурсы ұйымдастырылған. Оған қатысуға 500-ге жуық өтініш түскен.

«Бұл ретте классиктердің, соның ішінде Ұлы Абайдың ең үздік шығармалары өте танымал екенін айта кету керек. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде жалғасып жатқан конкурсты бір уақытта 28 мың көрермен тамашалайды. Балалардың шеберлігін кәсіби әртістер, ақындар бағалайды», - деп түйді Ақтоты Райымқұлова.