Онлайн-грумингтен қалай сақтанамыз – психологпен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM - Соңғы жылдары балалар арасындағы онлайн-груминг мәселесі өзекті болып отыр. Мәселен, ЮНИСЕФ пен ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылы жүргізген «Kazakhstan Kids Online» зерттеуіне сәйкес, қазақстандық балалардың 10%-ы өмірде көрмеген адамдарды достар қатарына қосқан, ал 11%-ы бейтаныс адамдарға фото немесе видео жіберген. Мамандар мұндай байланыстардың онлайн-грумингке ұласу қаупі бар екенін айтады. Осы тұста, онлайн-груминг дегеніміз не, оның белгілері қандай және ата-аналар нені ескеруі керек деген сауал туындайды. Жауап беру үшін тәжірибелі психолог маманы Ғайни Ықыласпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Коллаж: Kazinform / Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған

Ғайни ханым, алдымен онлайн-груминг дегеніміз не? Осыған тоқталып өтіңізші. Бұл балалар үшін неліктен қауіпке айналып отыр?

– Психологияда груминг деп адамның сеніміне кіріп, оған манипуляция жасау процесін айтады. Ал онлайн-груминг – осы құбылыстың интернет арқылы жүзеге асатын түрі, яғни әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде баламен байланыс орнатып, біртіндеп психологиялық ықпал ету және қысым жасау.

Әдетте мұндай процесс бірден қауіпті сипатта басталмайды. Алдымен қарапайым таныстық, лайк басу, пікір жазу, жылы сөз айту сияқты әрекеттер болады. Уақыт өте келе әңгіме жеке сипатқа ауысады. Грумер балаға жеке фотосуреттер немесе бейнежазбалар жіберуді сұрауы мүмкін, сондай-ақ интимдік немесе жеке тақырыптарға көшуге де итермелеуі мүмкін. Кейін бұл әңгіменің «қалыпты» екенін айтып, оны ешкімге айтпауды талап етіп, қорқыту, қысым жасау әдістерін қолдануы мүмкін.

Онлайн-грумер – кәмелетке толмаған баламен интернет арқылы әдейі байланыс орнатып, оның сеніміне кіріп, кейін зиян келтіруді мақсат ететін ересек адам.

Қазіргі таңда бұл мәселенің өзектілігі артып отыр, себебі қазіргі балалар интернетте көп уақыт өткізеді. Ал ата-аналар көп жағдайда жұмыста жүріп, баласының кіммен сөйлесіп отырғанын, қандай ортада жүргенін толық бақылап үлгермей қалады. Осы олқылықты пайдаланып, бөгде ересек адамдар балаға біртіндеп жақындап, оның сеніміне кіре бастайды.

– Қандай балалар мен жасөспірімдер мұндай қауіпке көбірек ұшырайды?

– Әдетте бос уақыты көп, интернетте бақылаусыз отыратын балалар мұндай қауіпке жиі ұшырайды. Сонымен қатар ата-анасының көңілі мен назарын жеткілікті сезінбейтін балалар да бұған осал келеді. Балаға әрқашан ата-ананың махаббаты, қолдауы мен назары қажет. Егер де ол өзін үйінде керек сезінбесе, ата-анасының тарапынан мейірім, сүйіспеншілік көрмесе, оны сырттан іздей бастайды. Ал грумерлер дәл осындай балаларды тез байқап, солардың сеніміне кіруге тырысады.

Ал грумерлер баланың сеніміне кіру үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолданады?

– Олар ешқашан бірден әрекет етпейді. Мысалы, бәрі әлеуметтік желіде қарапайым лайк басудан басталуы мүмкін. Грумерлер бала салған стористерге, жазбаларға үнемі реакция білдіреді, пікір жазады, оған өзінің назары түскенін байқатады.

Бұл бірнеше аптаға, тіпті бірнеше айға созылуы мүмкін. Бала да әлгі аккаунтты күнде көріп жүрген соң оны таныс адам секілді қабылдай бастайды. Кейін жеке хат жазып, жылы сөздер айтады, мақтайды, қолдау білдіреді. Мәселен, қыздарға «шашың әдемі екен, өзіңе жарасып тұр» дейді. Ылғи баланың пікірімен келісіп, өзін әрдайым қолдайтынын жеткізеді. Әсіресе үйде комплиментті, жылы сөзді аз еститін балалар мұндай қарым-қатынасқа тез бауыр басып кетеді.

– Онлайн-грумингке ұшыраған балалардың оқиғаларында қандай ортақ белгілерді байқайсыз? Баланың интернетте күмәнді адаммен байланыс орнатқанын неден білуге болады?

– Ең алдымен, бұған дейін айтып өткенімдей, көңіл күйінің күрт өзгеруіне назар аудару керек. Мысалы, бала бірде ерекше көңілді болып жүреді, бірде себепсіз ашуланшақ немесе ренжігіш болады. Телефонға бұрынғыдан қатты тәуелді болып кетуі мүмкін. Біреу хабарласқанда жасырын сөйлеседі немесе телефонын көрсеткісі келмейді. Егер мұндай өзгерістер бұрын балаға тән болмаса, ата-аналар оған мән бергені дұрыс.

Көбіне олар өте тұйық, сабырлы, өзімен-өзі жүреді. Ата-аналар да мұндай балаларға «ешқандай проблема туғызбайды» деп көп алаңдамайды. Сондықтан кейде қауіптің белгілері байқалмай қалады. Ал грумерлер дәл осындай балалармен байланыс орнатуға тырысады. Өйткені оларды эмоционалдық тұрғыдан өзіне тәуелді ету оңайырақ.

Фото: Ғайни Ықыластың жеке мұрағатынан

– Сіздің тәжірибеңізде осындай жағдайға тап болған балалар болды ма?

– Иә, болған. Менің қабылдауыма 15 жастағы қыз бала келді. Оның ата-анасы маған бастапқыда ерекше қажеттілігі бар басқа баласына қатысты мәселемен келген еді. Жалпы мұндай отбасыларда кейде басқа балалар назардан тыс қалып жатады. Бұл қыз да сондай балалардың бірі.

Ата-анасының сөзінше, өте тілалғыш, сабырлы, ешқандай қиындық туғызбайтын қыз болған. Бір күні әлеуметтік желіде бір жігітпен танысады. Бәрі лайк басудан басталған. Әлгі адам үнемі стористеріне жауап беріп, реакциялар қалдырып жүрген. Уақыт өте келе қыз оның назарын күтіп жүретін жағдайға жетеді. Тіпті лайк баспай қалса іздейтіндей, пікір жазса, қуанатындай күйге түседі.

Кейін олар тұрақты түрде сөйлесе бастайды. Оффлайн кездеспегенімен, қарым-қатынастары кәдімгі қыз бен жігіттің қарым-қатынасына ұқсап кеткен. Әлгі адам «сені жақсы көремін», «сені қызғанамын», «мына жаққа барма», «мынаны киме» деген сияқты сөздер айтып, қыздың өміріне ықпал ете бастаған.

Ата-анасы өзгерістерді біртіндеп байқайды. Қыз бұрын қатысатын мектеп шараларынан бас тартқан. Киім кию стилі өзгерген. Мінез-құлқында да өзгерістер пайда болған. Үнемі асығып жүреді, телефон соғылса, оңаша жерге барып сөйлеседі. Анасымен бірге шыққанның өзінде үйге тез қайтуға тырысатын болған. Кейін ата-анасы әлгі жігіттің аккаунтын қарағанда, онда нақты ақпарат та, сурет те болмаған. Қыздың айтуынша, ол жиырмадан асқан жігіт екен. Оның үстіне қызға тұрақты түрде эмоционалдық қысым көрсетіп отырған. Бақытына орай, ата-анасы жағдайды ерте байқап, көмек сұрап келді. Қызбен де жұмыс жүргізілді. Олар офлайн кездесіп үлгермеген, сондықтан соңы жақсы аяқталды деуге болады.

Өкінішке қарай, барлық ата-ана мұндай өзгерістерге мән бере бермейді. Мәселен, балалар грумермен кездесетін болса, ал оның салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Олардың балаларды зорлап, не өлтіріп те кетуі ғажап емес. Сол себепті ата-аналар баласының көңіл күйіндегі, мінез-құлқындағы және күнделікті әдеттеріндегі өзгерістерге мұқият қарауы керек. Кейде дәл осындай ұсақ көрінетін белгілер үлкен қауіптің алдын алуға көмектеседі.

Қазір балалар арасында «жеке кеңістік» ұғымы кең таралған. Жасөспірімнің жеке кеңістігі мен қауіпті қарым-қатынасты жасыруының ара-жігін қалай ажыратуға болады?

– Бұл өте күрделі мәселе. Өйткені жасөспірімдер жеке кеңістікке өте сезімтал келеді. Кейде ата-ананың кез келген сұрағын бақылау немесе қысым ретінде қабылдайды. Сондықтан ең дұрыс жол – баламен кішкентай кезінен бастап сенімді қарым-қатынас қалыптастыру. Егер бала ата-анасымен ашық сөйлесе алса, мұндай қауіптердің алдын алу әлдеқайда жеңіл.

Ал егер күдік туындаса, баланы кінәлап, ұрысуға болмайды. Керісінше, оны түсінуге дайын екеніңізді көрсету керек.

– «Интернетте бейтаныс адамдармен сөйлеспе» деген ескерту неге әрдайым тиімді бола бермейді?Мұндай жағдайда ата-аналардың қандай әрекеттері мәселені ушықтыруы мүмкін?

– Өйткені балалардың көбі экран артындағы адамның бөтен екенін, өзінен көп жас үлкен екенін сезбей қалады. Олар бірнеше ай сөйлескен адамды жақсы таныс адам ретінде қабылдайды. Сондықтан қауіпсіздік туралы әңгіме тек тыйыммен шектелмеуі керек. Балаға интернеттегі кез келген адам өзін басқа біреу ретінде таныстыруы мүмкін екенін түсіндіру қажет.

Баланы айыптау, ұрысу, қорқыту немесе телефонын тартып алу жағдайды қиындатады. Өйткені бала өзін түсінбейді деп ойлап, одан сайын жабылып қалады. Ең бастысы – баланың сенімін жоғалтып алмау.

– Онлайн-груминг баланың психологиялық жағдайына қалай әсер етеді?

– Мұндай жағдай баланың өзіне деген сеніміне қатты әсер етуі мүмкін. Ол өзін алданғандай, кінәлі немесе қорғансыз сезінеді. Кейбір балаларда мазасыздық, қорқыныш, адамдарға сенбеу сияқты мәселелер пайда болады. Сондықтан ең маңыздысы – баланы кінәламау. Оған қауіпсіз орта қалыптастырып, қолдау көрсету керек. Бала бұл мәселеде жалғыз еместігін сезінуі тиіс. Қажет болса, маман көмегіне жүгінген дұрыс.

Жалпы ата-аналар баласының мінез-құлқындағы, көңіл күйіндегі және күнделікті әдеттеріндегі өзгерістерге мұқият болуы керек. Көп жағдайда қауіптің алғашқы белгілері дәл сол жерден байқалады.

Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі өкілдері ата-аналарды, балаларды онлайн грумерлерден сақ болуға шақырған еді.