– Қазақстанда қашықтықтан алуға болатын медициналық қызметтердің тізбесін кеңейту жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі қандай консультациялар мен диагностикалық зерттеулерді онлайн форматта жүргізуге болатынын айқындайтын, сондай-ақ мұндай қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін бұйрық жобасын әзірледі, – делінген құжатта.
Жоба қашықтықтан медициналық көмек көрсету жүйесін дамытуды көздейді және денсаулық сақтау саласында заманауи цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін арттырады. Атап айтқанда, жобада алғаш рет қашықтықтан форматта көрсетілуі мүмкін медициналық қызметтердің тізбесі, сондай-ақ нәтижелерін дәрігер онлайн режимінде сипаттап, түсіндіре алатын диагностикалық зерттеулердің тізбесі бекітіледі.
Бұдан басқа, құжат телемедициналық қызметтерді көрсету кезінде қолданылатын технологияларды айқындап, оларды ұсыну шарттарын кеңейтеді.
– Өзгерістер жоғары сапа мен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, медициналық көмекті пациенттер үшін қолжетімдірек әрі ыңғайлырақ ету мақсатында енгізіліп отыр. Бұл ретте жаңа нормалар дәрігердің қабылдауын толығымен алмастырмайды. Егер пациентке медициналық ұйымда қарап тексеру, тексеруден өту немесе емделу қажет болса, көмек бұрынғысынша дәстүрлі форматта көрсетіледі. Қашықтықтан медициналық қызметтер тек медициналық тұрғыдан рұқсат етілген және белгіленген талаптарға сай келетін жағдайларда ғана қолданылады, – делінген құжатта.
Жобаға сай, жаңартылған ережелер елдің барлық өңірінің, оның ішінде ауылдық елді мекендер тұрғындарының, қозғалысы шектеулі адамдардың, сондай-ақ динамикалық бақылауды немесе қайталанатын консультацияны қажет ететін науқастардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Құжаттың теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдары болмайды.
Сонымен қатар ол шалғайдағы халыққа онлайн медициналық көмек алуға және білікті медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға жол ашады.
Бұл норма қабылданса, 2026 жылы телемедицина арқылы медициналық қызметтерге қолжетімділікті 10%-ға өсіреді.
Жоба қоғамдық талқылау үшін 18 тамызға дейін «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда медициналық сараптамаға электронды кезек енгізілгенін жазғанбыз.