Онлайн сауда жасаушылардың құқығы қалай қорғалып жүр
Елімізде онлайн сауда жасайтын тұтынушылардың құқығы заңмен қорғалады, деп хабарлайды Kazinform.
Астана қаласының сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиевтің мәліметіне сәйкес биыл 9 айда онлайн сауда жасаушылардың 600 өтініші қаралып, республика бойынша 31 млн теңгеден астам бұзылған құқық қалпына келтірілген.
«Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» жаңа заң жобасы шеңберінде интернет-ресурстар «сауда объектілеріне» теңестіріледі. Тиісінше офлайн сатушыға қойылатын барлық талап онлайн сатушыларға да қолданылады»,- деді Нұрғали Егембердиев қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Департамент басшысының айтуынша, Тұтынушы құқығын қорғау туралы қолданыстағы заңға сәйкес тұтынушы ақаулы тауарды қайтаруға құқылы, сондай-ақ өз таңдауы бойынша сатып алу бағасын пропорционалды төмендете алады.
Сондай-ақ, тауардың кемшіліктерін жоюды, тауарды ұқсас маркалы тауарға (модельге, артикулға) ауыстыруды, шартты бұзуды және тауарға төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.