Астана қаласының сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиевтің мәліметіне сәйкес биыл 9 айда онлайн сауда жасаушылардың 600 өтініші қаралып, республика бойынша 31 млн теңгеден астам бұзылған құқық қалпына келтірілген.
«Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» жаңа заң жобасы шеңберінде интернет-ресурстар «сауда объектілеріне» теңестіріледі. Тиісінше офлайн сатушыға қойылатын барлық талап онлайн сатушыларға да қолданылады»,- деді Нұрғали Егембердиев қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Департамент басшысының айтуынша, Тұтынушы құқығын қорғау туралы қолданыстағы заңға сәйкес тұтынушы ақаулы тауарды қайтаруға құқылы, сондай-ақ өз таңдауы бойынша сатып алу бағасын пропорционалды төмендете алады.
Сондай-ақ, тауардың кемшіліктерін жоюды, тауарды ұқсас маркалы тауарға (модельге, артикулға) ауыстыруды, шартты бұзуды және тауарға төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.