Онлайн сот отырыстарының кемшілігі қандай – Украина сарапшысының пікірі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Украина Президенті жанындағы Құқықтық реформа мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі, саяси-құқықтық реформалар орталығы басқарма төрағасының орынбасары Роман Куйбида «COVID-19 пандемиясы кезінде сот төрелігіне қол жеткізу» тақырыбындағы онлайн кездесуде онлайн сот отырыстарының кемшіліктері туралы пікір білдірді деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Кей елдер онлай сот процестерінде белгілі бір ресурстарды пайдалануды шектейді. Кейбір компаниялар өз бағдарламаларын сот процестерінің қажеттіліктеріне қарай бейімдеп жатыр. Ұлыбританияда мұндай жүйені құру әрекеттері бар. Сондай-ақ, АҚШ пен Канадада жасалған және қолданылатын арнайы бағдарламалар бар. Онлайн соттардың қатері қандай? Бірінші кезекте әділ сот процесінің стандарттарына кепілдік беру, жариялылықты қамтамасыз ету бойынша мәселелер туындауы мүмкін», - деген заң ғылымдарының кандидаты онлайн сот процестерінің жазбасы сақталмайтынын кемшілік ретінде атады.

«Түрлі елдер түрлі тәсілдерді қолданып жатыр. Кейде тіпті сот отырысына қызығушылық танытқан адамдарды, БАҚ өкілдерін тікелей көрсетілімге қосады. Мұндай онлайн көрсетілімдердің жазбасы сақталмайды. Байланыс сапасы да әрдайым жақсы бола бермейді. Мысалы, Жаңа Зеландияда спутниктік интернет қамтамасыз етілген. Ал Украинада сотқа қатысушыларды сәйкестендіру үшін ЭЦҚ жиі қолданылады. Қытайда сотқа қатысушыны бет әлпеті бойынша сәйкестендіреді. Онлайн сотта заттай айғақтарды зерттеу мен сараптама жүргізу проблемалары бар. Мұндай зерттеулерді офлайн режимде жүргізген дұрыс. Өйткені онлайн сот тікелей зерттеуді қамтамасыз ете алмайды», - деді Роман Куйбида.

Айта кетейік, іс-шара Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты және Құқықтық саясатты зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтті.