Өңір әкімдері ауа райы болжамына жіті назар аудармаған – Ерлан Нысанбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Өңір әкімдері су тасқыны қаупіне тиісті деңгейде баға бермеген. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Өткен жылдың күзінде жауын-шашын көп түсіп, бұл топырақтың айтарлықтай ылғалдануына себеп болды. Содан кейін қатты аяз әсерінен топырақтың қатуы байқалды. Қыс кезіндегі мол жауын-шашыннан кейінгі еру қардың қалыңдығында және топырақ бетінде мұз қабаттарының пайда болуына әкелді. Жоғарыда аталған фактілерді ескере отырып, желтоқсан айының өзінде өңірлер бөлінісінде су тасқыны қаупі бар учаскелер айқындалды. Желтоқсан, ақпан және наурыз айларының басындағы болжамдарда көрсетілді және әкімдіктер мен орталық органдарға жолданды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, 15 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін Қазгидромет 100-ден астам дауыл бойынша ескерту жариялады. Олар хабарлау схемасына сәйкес жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарға жіберілді және қазіргі кезде де жолданып жатыр.

«Алайда, әкімдіктер болжамға қажетті деңгейде назар аудармады, осы себепті су тасқыны қаупіне тиісті баға берілмеді және уақтылы алдын алу шаралары қабылданбады», - деді Ерлан Нысанбаев.