- Цифрлық экономиканың басты жобаларының бірі – қуаты кемінде 1 гигаватт болатын «Дата-центрлер алқабы». Екібастұзда жер учаскесі бөлінді. Жоба операторы анықталды. Инженерлік инфрақұрылым және ГРЭС-1-ден электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Алғашқы нысандардың құрылысы басталды, - деді Ж.Мәдиев.
Бұдан бөлек ол келесі жылы жалпы қуаты 186 мегаватт болатын дата-центрлерді пайдалануға беру жоспарланғанын айтты.
- 2028 жылдың екінші тоқсанында тағы 109 мегаватт қуатты іске қосу көзделген. Firebird AI компаниясымен 10 млрд АҚШ доллары көлеміндегі келісімдерге қол қойылды. Жобаға 20-дан астам халықаралық технологиялық компания мен инвестор қызығушылық танытып отыр. Біздің міндетіміз – есептеу қуаттарының өңірдегі ең ірі хабын қалыптастыру, - деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредянмен кездесті.
Бұл ретте Рев Лебаредян Қазақстандағы жасанды интеллект инфрақұрылымының даму барысын жоғары бағалап, NVIDIA компаниясының «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының келесі кезеңіне қатысуға ниетті екенін жеткізді.