Өңірлік стандарттар жүйесі: Осал елді мекендерге баса назар аударылады

Фото: Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Қанат Бозымбаев жаңа Бюджет кодексі аясында Өңірлік стандарттар жүйесін түсіндіру бойынша министрліктермен, облыстық және қалалық әкімдіктермен кеңес өткізді.

Өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) – республикалық маңызы бар қалалардан бастап ауылдарға дейінгі елді мекен тұрғындарына әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымы нысандары мен қызметтерімен қамтамасыз етілуі тиіс негізгі тізім. 

Фото: Үкімет

Халықтың өмір сүру сапасын теңестіру мақсатында үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру кезінде ӨСЖ-нің 12 бағыты бойынша қамтамасыз етілу деңгейі ескеріледі: білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, инженерлік инфрақұрылым, көлік инфрақұрылымы, жол инфрақұрылымы, мәдениет және спорт, қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау, ақпараттық-коммуникациялық жүйе, тұрмыстық қызмет көрсету инфрақұрылымы, қызметтер инфрақұрылымы, бос уақыт пен демалыс. 

Фото: Үкімет

Осылайша, ӨСЖ өңірлер арасындағы және өңір ішіндегі инфрақұрылымға қолжетімділік теңсіздігін азайтуға, елді мекендердің дамуын тиімді жоспарлауға және бюджет қаражатын әділ бөлуге мүмкіндік береді.

Негізгі назар ӨСЖ көрсеткіштері бойынша қамтамасыз етілу деңгейі ең төмен елді мекендерге аударылады. Бұл жобалар бірінші кезекте қаржыландырылады. Яғни жағдайы нашар өңірлерге көбірек қаржы бөлінеді, ал жағдайы жақсы өңірлерге азырақ. Мұны барлық өңір жақсы түсінуі керек, – деді өңірлік даму мәселелерін қадағалайтын Қанат Бозымбаев.

Елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында (90,9%), ал ең төмен көрсеткіш Абай (58,1%) және Ұлытау (55,3%) облыстарында тіркелді. Мониторинг нәтижесі бойынша бұл екі өңірде базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі төмен. Осыған байланысты Қанат Бозымбаев Ұлытау және Абай облыстарының әкімдіктеріне ӨСЖ аясында алшақтықтарды қысқарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. 

Фото: Үкімет

Сондай-ақ Вице-премьер салалық мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдіктеріне Өңірлік стандарттар жүйесін жергілікті деңгейде енгізуге байланысты барлық бюрократиялық үдерісті жеделдетуді тапсырды.

Айта кетейік, Қанат Бозымбаев «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын жүзеге асыру барысын тексерді.