«Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрт: Тұрғындар үшін қауіп жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат – 9 маусым күні «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында шыққан өртті сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: instagram.com/mangystau_ecology_department

«2023 жылы 9 маусымда Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында болған өрттен кейін барлық қолда бар ресурстар жұмылдырылды. Өрт салдарын жою үшін «Бозашы мұнай» ЖШС, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің «Ақ Берен» Маңғыстау облыстық филиалы, «Өртке қарсы қызмет & Fare Safety» ЖШС және басқа да компаниялардың басшылығынан штаб құрылды. Оқиғаның себептерін анықтау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылығымен арнайы комиссия жасақталды. Сондай-ақ халықаралық Halliburton және Schlumberger компанияларымен кеңесу барысында апатты жоюдың түрлі тәсілдері қарастырылды», - делінген Маңғыстау облыстық экология департаментінің Instagram парақшасында жарияланған ақпаратта.

Департамент мәліметінше, №303 ұңғымадағы апатты жою ағып жатқан газдың жануы және басқа да жағдайларға байланысты техникалық тұрғыда күрделі. Егжей-тегжейлі талдаудан кейін №303 жанып жатқан ұңғымаға қысымды төмендету үшін №305 бағыттамалы ұңғыманы бұрғылау туралы шешім қабылданған.

«Мамандар жағдайды мұқият бағалап, қазіргі уақытта тұрғындар үшін қауіп жоқ екенін растайды. Сонымен қатар, атмосфералық ауаны жүйелі түрде өлшеу жүргізіледі. Кен орны елді мекендерден едәуір қашықтықта орналасқан: Ақтаудан 350 шақырым және жақын маңдағы Шебір елді мекенінен 70 шақырым», -деп нақтылайды ведомстводан.

Айта кетейік, кен орнында барлау жұмыстарын «Бозашы мұнай» компаниясы жүргізеді. Өрт кезінде бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Оның барысында газ-су қоспасы бөлініп, тұтану орын алған. Мердігер компанияның барлық қызметкерлері дереу эвакуацияланған. Газ өндіру жұмыстары жүргізілмегеніне қарамастан, «Бозашы мұнай» компаниясы заңға сәйкес апатты жою бойынша барлық шығындарды өз мойнына алып отыр.

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрт қыркүйекте сөнуі мүмкін екенін жазған едік.