Оңтүстік Қазақстан облысы астықтың рекордтық өнімін жинап отыр
«Ауыл шаруашылығы - экономикамыздың маңызды саласы. Қажеттілікке байланысты егіс алқаптарын әртараптандыруға көңіл бөлінуде. Өткен жылмен салыстырғанда, мақта алқаптары 10,4 мың гектарға, өсімдік дақылдары 2,6 мың гектарға, жеміс алқаптары 3,9 мың гектарға ұлғайтылды. Сонымен қатар еліміздің тәуелсіздік жылдарында алғашқы рет астық өнімдері бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Яғни биыл әр гектардан 22 центнерден өнім алып, 470 мың тонна астық жиналды», - деді әкім орынбасары.
Оның айтуынша, облыста 462,6 мың гектар суармалы жер бар. Бүгінгі күні суармалы жерлердің 94 пайызы игерілген. 2016 жылы қашықтығы 531,1 шақырым 46 су нысандарын қалпына келтіруге облыстан 3,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 30 мың гектар жерді суармалы теxнологиямен қамтамасыз ету жақсарды.
«Тамшылатып суару теxнологиясы қосымша 6,3 мың гектарға ендіріліп, 50,4 мың гектарға жетті. Яғни тамшылатып суару бұл да бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында маңызды мәселенің бірі болып отыр. Жалпы республикадағы үлесі 73 пайызды құрайды. Жылыжайлар көлемі 87 гектарға артып, 1 112 гектарға жетіп отыр. Бұл республикадағы үлестің - 87 пайызы. Бүгінгі таңда осы жылыжайлар есебінен 120 мың тонна жеміс өнімдері жиналды», - дейді ол.
«Соңғы жылдары топырақты өңдеуге жаңа теxнологиялар пайдалануда. Терең қопсыту теxнологиясы 86 мың гектар алқапта қолданылған. Нәтижесінде облысымызда осы теxнологияны пайдаланған шаруашылықтарда мақта өнімділігі гектарына 40-45 центнерге жетті. Ал дәстүрлі жолмен өнім алу гектарына 26-27 центнерден аспайды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 қыркүйекте 220,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, өсім 3,1 пайызға жетті», - деп түйді ойын Ұ. Сәдібеков.