Оңтүстік Қазақстан облысы қайта өңдеу саласын дамыту үшін қолайлы өңір
Бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 11,5 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыруға «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қаражаты есебінен 7,3 млрд теңге көлемінде қаражат көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов тек Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша жыл соңына дейін 26 сүт қабылдау пункті, 782-ге жуық отбасылық бордақылау алаңын құру жоспарланғанын тілге тиек етті. Өз кезегінде, бұлар ауылдық округтердегі ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктірілетін болады.
Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында азық-түлік кешенінің негізі қаланып, соңғы үш жылда бордақылау алаңдары 8 мыңға, отбасылық сүт фермалары 2 мыңға жетіп, олардан 68 мың тонна сүт, 63 мың тонна ет өндірілді және де ең бастысы - 27 кооперация құрылып, 12 488 тұрақты жұмыс орны ашылды. Яғни, ауылдың әлеуметтік ахуалын түзеуге бағытталған бірден-бір тиімді жоба бүкіл Қазақстанға жол тартып отыр. Биылғы жылдан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы ел аумағындағы жеке қосалқы шаруашылықтар базасында ұсақ тауарлы өндірісті дамытуға 10,8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қаржыландырылған өтінімдердің саны 4,4 мыңға жуық. Алдын ала болжам бойынша 2,5 жылда 190 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылықты қамтып, 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнының ашылуына септігін тигізуге тиіс.
Шынында, бұл жобалар оңтүстік өңірінде әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді шешіп, жұмыссыздық тәрізді қоғамдық дертті ауыздықтауға мүмкіндік беретіні анық. Жиын барысында жергілікті кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы саласына берілетін несиелердің көлемін әлі де ұлғайту, малды семіртіп бордақылауда маңызды рөл атқаратын құрамажемді субсидиялау туралы ой-пікірлерін айтты. Үкімет басшысы бұл ұсыныстарды ескеретінін және алдағы жылы бұл салаға көп қолдау болатынын жеткізді.
Ел егемендігімен етене болған Түркістан шаһарындағы Қ.А.Ясауи есімімен аталатын оқу орны бүгінде барша түркі жастарының ордасына айналды. Бұл іргелі оқу орнының ашылуы Тәуелсіздік тұсындағы биік белес еді. Премьер-Министр К.Мәсімовтің сапары шаттығы мен ырысы тасыған, қуаты мен жігері қайнаған осынау оқу ордасында жалғасын тауып, білім берудің өзекті мәселелері талқыланды. Университет ректоры Уәлихан Әбдібековтің айтуына қарағанда, бүгінде университетте әлемнің 18 елінен келген 28 түркі жұрағатының жастары білім алуда. Айта кетейік, бұл университет - Қазақстандағы ең алғашқы ашылған халықаралық жоғары оқу орны және түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған жалғыз білім ошағы. Жалпы мұнда 52 мамандық бойынша 9 мыңға жуық студент қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде білім алуда. Осы жиында алдағы жаңа оқу жылында білім саласына енгізілетін өзгерістер мен реформаларды кеңінен әңгіме еткен Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева жергілікті кәсіпкерлерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайтуға шақырды. Бүгінде Түркістан ауданында 52 балабақша болса, оның 22-сі жекеменшіктің үлесінде. Әйтсе де әлі де 2 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
Бұл күні Премьер-Министр К.Мәсімов Қ.А.Ясауи кесенесінде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен және еңбек ардагерлерімен кездесті. Бұл жүздесуде киелі қалада туризмді дамыту, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, елді мекендерді газдандыру мәселесі әңгіме болды. Үкімет басшысы сапар барысында, сондай-ақ, еліміздің көлік инфрақұрылымының стратегиялық нысандарында және адамдар көп шоғырланған жерлерде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және күшейту қажеттігі туралы тапсырмаға орай, миллионға жуық тұрғыны бар Шымкент қаласындағы халықаралық әуежайдың қауіпсіздік жүйесімен танысты.