деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қазір осы өңірде кадр мәселесіне қатысты жемқорлық әрекеттерінің орын алып отырғаны рас. «Осыған орай біз кадр резервінің арнайы ережесін жасап, бекіттік. Біз бұл ережені өзіміз бекіте салмай оны қоғамның талқылауына ұсындық және аталмыш шараға қатысты мәселелердің барлығы жергілікті ақпарат құралдарында жарияланды. Халық та бұған қызығушылық танытты. Осындай кезеңдерден кейін ғана біз тиісті ережені бекітіп отырмыз. Енді оны талапқа сай іске асыра алсақ, кадр мәселесіне қатысты көптеген проблемалар шешілер еді», деді әкім.
Оның сөзіне қарағанда, облыста әсіресе денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жағдайға қатаң бақылау орнатылмақ. Өйткені ол халықтың ең көп қарым-қатынас жасайтын салалары. Осыған орай халық өздерінің билікке деген көзқарастарын да көбіне осы салалар арқылы қалыптастырады. «Олар елде атқарылып жатқан көлемді шаралар туралы білмеуі мүмкін. Алайда осы екі салада атқарылып жатқан жұмыстарды жақсы біледі және соған қарай биліктің жұмысын бағалайды. Сондықтан біз осы екі салаға қойылатын талаптарды күшейтеміз. Денсаулық сақтау мен білім салаларына қызметке алынатын кадрларды таңдауды енді арнайы комиссия шешеді және оның құрамында мүмкіндігінше үкіметтік емес ұйым өкілдерінің көп болуын қамтамасыз етеміз», деді А.Мырзахметов.