Оңтүстік Қазақстан облысында Наурыз мейрамы ата-бабалар рухына тағзым күнімен жалғасуда

None
АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Наурыз мерекесін атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес бүгін, 15 наурыз «Тағзым күні» деп аталады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Тарихымызда Наурыз мерекесі қарсаңында ата-бабаларымыз көпшілік болып бата жасаған. Көпшілік батасы қабыл болатындығы жөнінде елде сенім де бар. Наурызда тілеген дұғасы қабыл болған адамдардың бірі ретінде Едіге бидің әңгімелері айтылады. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағида бар. Сондықтан, дүниеден өткен ата-бабалар рухына Құран бағыштап, жеті шелпек пісіру Наурыз мейрамның қарсаңында жасалатын игі істердің қатарына кіреді», - делінген баспасөз баянында.

«Тағзым күніндегі» шаралар Шымкент қаласы Абай саябағында орналасқан қаза болған шекарашыларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Одан соң, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында қазақтың тарихи тұлғалары Төле бидің 350 және Абылайханның 300 жылдықтарына арналған республикалық «Наурыз» ақындар айтысы басталды. Бұл күнге жоспарланған шараның соңында Шымкент қаласындағы Абдул Хамид Қаттани атындағы орталық мешітте жұма намазына келген жамағатқа Наурыздың ұлтты ұйыстыратын мейрамдардың бірі екендігі жөнінде уағыз айтылып, бабалар рухына Құран бағышталды.