Оңтүстік Қазақстан облысында жоғалып кеткен екі геологты іздеу жұмыстары жүргізілуде

None
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ.. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жоғалып кеткен екі геологты іздеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ОҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, тамыздың 23-інде Төтенше жағдайлар департаментіне "Экс Гео" ЖШС-інде геолог болып қызмет істейтін Болат Қамбаровтың туысы көмек сұрап, жүгінген. Оның туысы екі геологтың жүргізушімен бірге Созақ ауданына аттанғандығын айтқан. Жолда көліктері бұзылып, екеуі жүргізушіні көлік жанында қалдырып, Қарақайың мұнай шығару стансысына көмек іздеп кеткен. Жүргізуші оларды көлік жанында екі күн күтеді. Жүргізушіні екі күннен кейін шопан тауып алып, оның туыстарына хабар береді.

Геологтар стансыға келмеген, қазіргі уақытта оларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Экс Гео" ЖШС басшылығы оларды іздеуге Тараздан ұшақ алдырған. Жоғалған геологтарды іздеуге Жезқазғаннан тікұшақ жіберілген, бірақ әзірге нәтиже жоқ.