Оңтүстік Қазақстан облысында жолаушылардың бақылаусыз тасымалына тосқауыл қойылды

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат -2010 жылғы сәуірдің 27-де ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің бастамасымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі салық комитеті өкілдерінің, сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы тасымалдаушыларының қатысуымен кеңейтілген жиналыс өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш министрліктің баспасөз қызметіне сілдтеме жасап.

Жиналыстың мақсаты - жолаушылар және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдауды ұйымдастырудағы мәселелер бойынша ортақ іс-қимылдарды пысықтау, көрсетілген тасымал түрін жоғары өркениетті арнаға бұру, сонымен бірге оларды жүзеге асыру үшін жағдай тудыру.

Бірлескен жұмыстың қажеттілігі жолаушылар тасымалының рыногында қалыптасқан ширыққан жағдайға байланысты.

Бүгінгі күні ең басты проблемалардың бірі тасымалдаушылар адамдар көп жиналған орындардағы заңсыз тұрақтардан бақылаусыз тасымал жасау болып отыр.

Мұндай автобустардың көптеген жүргізушілері еңбек және демалыс режимін сақтамайды, рейс алдындағы техникалық және дәрігерлік байқаудан өтпейді, табыс табуды ғана көздеп, қауіпсіздіктің қарапайым принциптері мен ережелерін сақтамайды. Бұл өз кезегінде апаттық жағдайға алып келетіні белгілі.

Статистика бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында республикада жолаушылар автобусының қатысуымен 84 жол-көлік оқиғасы тіркелді, нәтижесінде 26 адам мерт болды, 109 адам жарақат алды.

Оңтүстік Қазақстан облысының таңдалынып алынуы да тегін емес, себебі онда жеке меншік аулалар мен қонақүй аумақтарындағы тұрақтардан заңсыз жөнелтілімдерді жүзеге асыру өзекті проблемаға айналып отыр.

Облыста Шымкент -Алматы, Шымкент - республиканың солтүстік өңірлері бағыты бойынша күнделікті 100 автобусқа дейін жіберілетін 20 заңсыз жөнелтілім тұрақтары қызмет етеді.

Мемлекеттік, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қабылдаған шараларына қарамастан, жолаушылар тасымалы қызметін көрсету рыногындағы жағдай шиеленісті.

Осыған орай жолаушылар тасымалындағы проблемаларды нәтижелі түрде шешу мақсатында Көліктік бақылау комитеті мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі арасындағы Өзара ынтымақтасу туралы Меморандумға қол қою, сонымен бірге жолаушылар тасымалын реттеуге бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу жөнінде шешім қабылданды.

Сондай-ақ жиналыс барысында Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Бәрменқұлов көлік қызметінің рыногын өркениетті жағдайға келтіруге бағытталған, автобустардың және заңсыз орындардағы жолаушылар жөнелтілімінің рейдтік тексерісін өткізуді қарастыратын салық органдарымен бірлескен іс-шаралардың өткізілетіндігі жөнінде хабарлады.

Осылайша бақылаушы және жергілікті атқарушы органдардың өзара ынтымақтастығы жолаушылар көлігінің апатқа жол беруін азайту және салық түсімдерінің мәселесін шешу бойынша ұтымды шешім болып табылады.