Оңтүстік Қазақстан облысында жылу 26 қазаннан беріле бастайды
Сала маманының мәліметінше, облыстағы 3256 бюджеттік мекеменің жылу жүйелері бүгінгі күнге 100 пайыз, ал орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 2247 көп қабатты тұрғын үйдің 2240-ы, яғни 99 пайызы жылуға қосылуға толықтай дайын. Қатты және сұйық отын қоры да жеткілікті. Атап айтқанда, облыстағы бюджеттік мекемелерге 168 мың тоннадан астам қатты отын бөлінсе, 1 441,5 мың литр сұйық отын қаралып отыр.
Дайындық барысына жалпы көлемі 3458,1 миллион теңге қаралған. Атап айтқанда, «3-Энергоорталық» АҚ өз инвестициясы есебінен 2,7 шақырым магистралды жылу жүйелері мен 10,1 шақырым ішкі орамдық жылу жүйелерін қымтаса, Шымкент қаласы бюджетінен қаланың «Оңтүстік» бөлігіндегі ішкі орамдық 9,2 шақырым жылу жүйесі күрделі жөндеуден өтіп, 2,4 шақырым жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Кентау қаласындағы 8,8 шақырым магистралды жылу жүйесі қайта құрылса, Арыс, Түркістандағы орталық қазандық күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен.
Талаптарға сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлерге жылу ауа температурасы бес күн бойы +8 градустан төмен болған жағдайда беріледі. Жылу беру маусымы 26 қазаннан басталып, 151 күнге созылады.
Айта кететін жайт, 1 қарашадан бастап облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасы жанынан «бірыңғай байланыс орталығы» желісі жұмысын бастамақ. Өңір халқы кез келген коммуналдық мәселелер бойынша 24-75-64 телефонына хабарласуына болады.