Оңтүстік Қазақстан облысындағы республикалық меншіктегі 7 су шаруашылық нысандары жөндеуді қажет етеді ? Қ. Айтаханов

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Оңтүстік Қазақстан облысындағы республикалық меншіктегі 7 су шаруашылық нысандары жөндеуді қажет етеді.

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов, тиіста қаражат қарастыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Оңтүстік Қазақстан облысының 2009 жылғы іс-қимылдар жоспарында суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін облыстық коммуналдық меншіктегі су желілерін қалпына келтіру жұмыстарына маңыз беріліп отыр. Бұл шаралар бойынша облыстың «Жол картасына» 1 мың 296 шақырым тозығы жеткен, қалпына келтіруді қажет ететін 58 су желілері белгіленген. Нәтижесінде 44 мың гектар суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына қосылып, 122 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Жөндеу жұмысы барысында - 4 мың 800, ал пайдалануға берілген жерлерде 28 мың жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Осы жобалар республикалық меншіктегі гидротехникалық құрылымдардың техникалық су өткізгіш қабілетіне тікелей байланысты болып отыр. Егер бұл көрсетілген су желілері жөндеуден өтпеген жағдайда, облыс деңгейіндегі атқарылатын шаралардың нәтижесі төмендейді. Яғни, облыстық «Жол картасындағы» коммуналдық меншіктегі су желілерін жөндеу республикалық меншіктегі гидротехникалық құрылымдарға тікелей байланысты болып отыр», деді сенатор. Осыған орай, Қ. Айтаханов 2009 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы республикалық меншіктегі 7 су шаруашылық нысандарын жөндеуге 786 млн. теңге қаржы бөлуді сұрады.