Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Түрік Республикасында жұмыс сапарымен болды
Сапар барысында А.Мырзахметов және оның жанындағы облыстың іскер топтарынан құралған делегация мүшелері Ыстамбұл қаласында үстіміздегі жылғы маусымның 14-17-сі аралығында өткізілген «Сыртқы сауда көпірі: Түркия - әлем елдері 2010» халықаралық ірі бизнес-форумына қатысты. Форумды Түркияның сыртқы сауда агенттігі мен елдің экпорттаушылар кеңесі 40 елдің ресми өкілдерімен және 136 әлем елінің бизнес-топтары өкілдерімен бірге ұйымдастырылды.
Сапар күндерінде ОҚО делегациясы Кония провинциясының губернаторы А.Незих Доганмен, Кония қаласы мэрінің міндетін уақытша атқарушы Митхат Буюкалиммен және аймақтың Өнеркәсіп палатасының төрағасы Тахир Буюкхелваджигилмен кездесулер өткізді. Кездесулер кезінде Қазақстан мен Түркия, ОҚО мен Кония провинциясы арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстардың өркендеуіне қатысты әңгіме болды. Атап өтілгендей, Оңтүстік Қазақстан облысы мен ірі мәдени орталық әрі рухани астанасы болып табылатын бауырлас Кония провинциясымен арадағы байланыстардың дамуы екі жаққа да тиімді екені атап өтілді.
Кездесулер нәтижелері бойынша экономикалық байланыстарды тереңдету туралы келісімдерге қол жеткізілді.